Журнал саясаты
- Қолжазбаны жариялау шарттары
- Көшірме алу және плагиат
- Мақалаларда жасанды интеллектіні пайдалану қағидаттары
- Рецензиялау
- Ашық қолжетімділік саясаты және мұрағаттау
- Авторлық құқық және лицензиялау
- Құпиялылық шарттары
ҚОЛЖАЗБАНЫ ЖАРИЯЛАУ ШАРТТАРЫ
«Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies» тоқсан сайын желілік (электрондық) форматта шығады. Шығу кестесі мынадай: бірінші сан ағымдағы жылдың 20 наурызына дейін, екінші сан 20 маусымға дейін, үшінші сан 20 қыркүйекке дейін, төртінші сан 20 желтоқсанға дейін шығарылады.
Журналда жариялауға автор (авторлар) бұрын жарияламаған, журналдың тақырыптық бағыттарына сәйкес келетін және қолжазбаны ресімдеу талаптары бойынша қатаң ресімделген мақалалар қабылданады.
Журналдың ғылыми мақалаларында аңдатпа, түйін сөздер және авторлар туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс, оның ішінде: жарияланым автор(лар)ының аты-жөні, аффилиациясы, елі және мекенжайы. Бұл ретте авторлар тізіміндегі бірінші автор негізгі автор болып көрсетіледі, ал хат алмасуға жауапты автор (*) белгісімен белгіленеді.
Ғылыми мақаланың қолжазбасын редакцияға хат алмасуға жауапты автор (2 және одан көп авторлас болған жағдайда қолжазбаның авторлық ұжымынан айқындалады) журналдың кезекті саны шыққанға дейін кемінде екі ай бұрын ұсынады. Журналда жариялауға көлемі 3 000 сөзден кем емес және 7 000 сөзден аспайтын қолжазбалар қабылданады (атауы, авторлар туралы мәліметтер, аңдатпа, түйін сөздер, әдебиеттер тізімі және алғыс есептелмейді).
Қолжазбаны хат алмасуға жауапты автор электрондық платформа арқылы мақаланың және оның авторларының барлық метадеректерін көрсете отырып жүктеуге тиіс.
Авторлар бұрын басқа басылымдарда (баспа, электрондық және өзге де ашық дереккөздерде) жарияланбаған түпнұсқа жұмысты ұсынуға міндетті. Авторлар зерттеу нәтижелерінің анықтығына, жаңалығына және дәлелділігіне жауапты. Қолжазбаны «Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies» қарау сатысында, сондай-ақ ол жарияланғаннан кейін авторлар осы қолжазбаны басқа басылымда жариялауға ұсынбауға тиіс.
Қолжазбамен жұмыс сатыларында редакция, хат алмасуға жауапты автор және рецензенттер арасындағы байланыс OJS электрондық (онлайн) платформасы арқылы, ерекше жағдайларда электрондық пошта арқылы жүзеге асырылады.
Журналдың бас редакторы автор(лар)дан түскен қолжазбаларды қарайды, оларды рецензиялауды ұйымдастырады және қолжазба электрондық платформа арқылы түскен күннен бастап екі ай ішінде жариялау немесе жариялаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Журналда жариялауға мақұлданған қолжазбаның автор(лар)ы жарияланым жарнасына сәйкес ақы төлеуге міндетті. Ерекше жағдайларда, журнал сериясын қаржыландырудың басқа көздері болса, авторлар мақаланы жариялау ақысынан толық немесе ішінара босатылуы мүмкін. Жарияланым үшін төлем түбіртегін pdf форматында автор(лар) журнал редакциясының электрондық пошта мекенжайына жібереді.
КӨШІРМЕ АЛУ ЖӘНЕ ПЛАГИАТ
«Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies» бас редакторы қолжазбаның ресми талаптарға (қолжазбаға қойылатын талаптарға) сәйкестігін қарау кезінде плагиатқа тексеру жүйесі арқылы қолжазбада көшірілген мәтіннің бар-жоғын да тексереді.
Одан әрі рецензиялауға тек түпнұсқа қолжазбалар және/немесе плагиат жүйесі арқылы тексеру нәтижелері бойынша түпнұсқалығы 80%-дан жоғары қолжазбалар жіберіледі. Егер қолжазба журнал талаптарына сәйкес келмесе және плагиатқа тексеру нәтижелері бойынша түпнұсқа жұмыс болмаса, қолжазба тиісті өзгерістер енгізу және қайта ұсыну үшін хат алмасуға жауапты авторға қайтарылады.
Егер авторлар қолжазбаны жазу кезінде басқа зерттеушілердің жұмыстарын, мақалаларын, тұжырымдарын не дәйексөздері мен пікірлерін пайдаланса, олар міндетті түрде сол ғалымдардың жұмыстарына сілтеме жасап, дәйексөз алынған мәтінді дұрыс ресімдеуге тиіс. Плагиат әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғалымының этика кодексінің қағидаттарын бұзатын этикаға жат әрекет болып саналады және «Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies» журналында қабылданбайды.
Баспа үдерісіне қатысатын тұлғалар, әсіресе журналдың редакциялық алқасының мүшелері, ғылыми жарияланымдардың жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін, анық емес мәліметтерді пайдалану, деректерді бұрмалау және т.б. сияқты адал емес тәжірибеге жол бермеу үшін, ғылыми жетістіктердің қоғам тарапынан танылуын қамтамасыз ету үшін халықаралық қоғамдастықта және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қабылданған ғылыми этиканың қағидаттарын, стандарттары мен нормаларын сақтауға, сондай-ақ мұндай бұзушылықтардың алдын алу шараларын қабылдауға міндеттенеді.
«Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies» редакциялық алқасының мүшелері халықаралық қоғамдастықта және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қабылданған ғылыми этиканың қағидаттарын, стандарттары мен нормаларын бұзбауға міндетті.
Аталған қағидаттар, стандарттар мен нормалар бұзылған жағдайда журналдың редакциялық алқасы «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми журналдарына арналған жарияланым этикасына», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымының этика кодексіне және Жарияланым этикасы жөніндегі комитеттің (COPE) стандарттарына сәйкес әрекет етуге міндетті.
Егер «Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies» журналында жарияланған мақалада ғылыми этиканың қағидаттарын, стандарттары мен нормаларын бұзудың дәлелденген фактісі (фактілері) анықталса, бас редактор автор(лар)дың нақты қандай бұзушылық жасағанын міндетті түрде көрсете отырып, осы мақаланы жарияланған саннан және журналдың ресми сайтынан кері қайтарып алуға (ретракциялауға) және журналдың келесі санында тиісті хабарландыру орналастыруға құқылы.
Ғылыми этиканың қағидаттарын, стандарттары мен нормаларын бұзудың дәлелденген фактісі анықталған мақаланың автор(лар)ы бұзушылық фактісі анықталған күннен бастап кейінгі үш күнтізбелік жыл ішінде «Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies» журналына және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқа ғылыми журналдарына мақала беруге жіберілмейді.
МАҚАЛАЛАРДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ПАЙДАЛАНУ ҚАҒИДАТТАРЫ
Авторлық және жауапкершілік. Жасанды интеллект құралдарын автор ретінде көрсетуге болмайды. Авторлық жауапкершілікті білдіреді — дәлдікті, адалдықты қамтамасыз ету және сынға жауап бере алу, ал мұны тек адам орындай алады.
Жасанды интеллектіні пайдалануды міндетті түрде ашып көрсету. Ашықтық — міндетті шарт. Авторлар қолжазбаны дайындау барысында генеративті жасанды интеллект құралдарын (мысалы, ChatGPT) пайдаланғанын ашып көрсетуге тиіс. Бұған құралдың атауы, нұсқасы, пайдалану мақсаты, сондай-ақ авторлардың жасанды интеллект жасаған мазмұнды тексеріп, редакциялағанын растау кіреді. Жасанды интеллектіні пайдалану туралы мәлімдемені автор(лар) ілеспе хатта көрсетуге тиіс.
Рұқсат етілген және рұқсат етілмейтін пайдалану.
Рұқсат етіледі:
- грамматиканы, орфографияны және тіл түсініктілігін жақсарту;
- пішімдеуге және сілтемелерді басқаруға көмектесу.
Рұқсат етілмейді:
- түпнұсқа зерттеу мазмұнын, деректерді немесе нәтижелерді генерациялау;
- жасанды интеллект көмегімен суреттер, кескіндер немесе графикалық аңдатпалар жасау, егер бұл зерттеу әдіснамасының ажырамас бөлігі болмаса және толық ашып көрсетілмесе;
- жасанды интеллектіні деректерді жасанды түрде жасау немесе бұрмалау үшін пайдалану.
Рецензенттер мен редакторларға арналған қағида. Рецензенттер мен редакторлардың жасанды интеллектіні пайдалануына тікелей тыйым салынады.
Ашып көрсетпеудің салдары. Қолжазбаны дайындауда жасанды интеллект құралдарын пайдаланғанын жасыру этикалық стандарттарды бұзу деп қаралуы және жарияланған жұмыстың ретракциясына әкелуі мүмкін.
РЕЦЕНЗИЯЛАУ
Журнал редакциясына түскен және ресми талаптарға, ресімдеу талаптарына, сондай-ақ плагиат жүйесі арқылы тексеру негізіндегі түпнұсқалық көрсеткішіне сәйкес келетін қолжазбалар одан әрі рецензиялауға жіберіледі.
Егер қолжазба автор(лар)ының басқа ғалым(дар)мен мүдделер қақтығысы болса, олар осы қолжазбаның аталған ғалымға (рецензентке) жіберілуін және қолжазбаның біржақты бағалануын болғызбау үшін ілеспе хатта мұндай қақтығыстың бар екенін көрсетуге тиіс.
«Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies» журналында «екі жақты соқыр» рецензиялау қолданылады, оны рецензияланатын қолжазбаның тақырыбы бойынша ғылыми мамандығы бар, ғылым кандидаты, ғылым докторы немесе философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесі бар кемінде екі ғалым жүзеге асырады.
Рецензиялау құпия түрде жүргізіледі: мақаланың қолжазбасы рецензенттерге журналдың электрондық платформасы арқылы авторлар туралы мәліметтер көрсетілмей жіберіледі. Рецензенттерден қолжазбаның негізгі ғылыми өлшемдерге сәйкестігін, сондай-ақ оның сапасы мен маңыздылығын нақты, объективті және дәлелді бағалау талап етіледі.
Рецензенттерден қорытындылар алынғаннан кейін бас редактор оларды рецензенттер туралы мәліметтерді көрсетпей, ескертулерге жауап беру, тиісті өзгерістер енгізу және қолжазбаны электрондық платформа арқылы қайта жіберу үшін хат алмасуға жауапты авторға жібереді. Автор(лар) қолжазбаға өзгерістер енгізіп, оны журнал редакциясына қайта жібере алады не түсіндірмесіз ескертулерге жауап беруден бас тарта алады.
Барлық ескертуге жауап берілгеннен, рецензенттердің ескертулерін жою үшін қолжазбаға өзгерістер енгізілгеннен және ол журнал редакциясына қайта жіберілгеннен кейін бас редактор барлық материалды қайта рецензиялау үшін рецензент(тер)ге жібереді.
Екі рецензенттен оң қорытынды алған қолжазба «Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies» журналында жариялауға қабылдану кезектілігіне сәйкес ұсынылады. Бас редактор мақұлдаған қолжазбалар журналдың санын қалыптастыру үшін жауапты редакторға беріледі.
Егер рецензенттердің бірі оң қорытынды берсе, екіншісі теріс қорытынды берсе, қолжазбаны бас редактор қолжазба тақырыбы бойынша маман болып табылатын үшінші рецензентке жібереді. Үшінші рецензент оң қорытынды берген жағдайда қолжазбаны жариялауға қабылдау/қабылдамау туралы шешімді «Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies» журналының бас редакторы қабылдайды.
Екі теріс рецензия болған жағдайда қолжазба журналда жарияланудан бас тартылады.
Рецензиялау нәтижелері бойынша қабылданбаған мақала материалдарын редакция өз мақсаттарында пайдаланбайды. Бас редактор хат алмасуға жауапты авторға бас тарту туралы хабарлайды және рецензенттердің қорытындыларын жібереді.
Қолжазбаларға берілген рецензиялар журналдың электрондық платформасында электрондық форматта үш жыл бойы сақталады.
Мақаланы қарау мерзімін бас редактор белгілейді, ал рецензенттердің қолжазбаны қарау мерзімі материал рецензенттерге жіберілген күннен бастап екі айдан аспайды.
АШЫҚ ҚОЛЖЕТІМДІЛІК САЯСАТЫ ЖӘНЕ МҰРАҒАТТАУ
«Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies» өз мазмұнына журналдың ресми сайтында ашық қолжетімділік береді. Бұл әлемдік ғылыми қоғамдастықта журналға ақпараттық қолжетімділікті кеңейтеді.
«Ашық қолжетімділік» дегеніміз — материалдың жалпыға ортақ интернетте тегін қолжетімді болуы; бұл кез келген пайдаланушыға осы мақалалардың толық мәтінін оқуға, жүктеп алуға, көшіруге, таратуға, басып шығаруға, іздеуге немесе оларға сілтеме беруге, индекстеу үшін өңдеуге, бағдарламалық қамтылымға дерек ретінде беруге немесе кез келген өзге де заңды мақсатта пайдалануға мүмкіндік береді — интернетке қол жеткізудің өзінен ажырамайтындарынан басқа қаржылық, құқықтық немесе техникалық кедергілерсіз (Будапешт ашық қолжетімділік бастамасы).
«Ашық қолжетімділік» — цифрлық мазмұн желіде еркін қолжетімді болғанда және пайдаланушының құқықтары мен авторлық құқық шарттары айқындалғанда (Directory of Open Access Journals).
Журналдың веб-сайтында авторлар мен оқырмандарға журнал қызметі туралы қажетті ақпарат берілген: жариялау шарттары, қолжазбаларды ресімдеу және журналға ұсыну қағидалары, журналды қалыптастыру және қолжазбаларды рецензиялау тәртібі, жарияланым этикасы, редакциялық алқа туралы мәліметтер және байланыс деректері.
Оқырмандар мен авторлар журнал сайтында ағымдағы санның электрондық нұсқаларымен және өткен кезеңдердің мұрағаттарымен таныса алады. Сондай-ақ журнал сандарының электрондық және баспа нұсқалары университеттің Әл-Фараби кітапханасында ұзақ мерзімге мұрағатталады, ал журналдың барлық саны Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мұрағатына және Қазақстандық дәйексөз алу базасына беріледі.
Журналдың электрондық түрдегі барлық жарияланымы Creative Commons Attribution License (CC BY-NC 4.0) шарттарымен тегін және шектеусіз таратылады.
АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ ЛИЦЕНЗИЯЛАУ
«Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies» журналы мақалаларының авторлары баспа құқықтарын баспагерге береді және оны Creative Commons Attribution License (CC BY-NC 4.0) бойынша лицензиялайды. Жарияланған жұмыстың құқық иеленушісі — баспагер, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.
Creative Commons Attribution License (CC BY-NC 4.0) шарттары бойынша баспагер қолжазбаға құқығын сақтайды, бұл ретте пайдаланушыларға материалды кез келген тасымалдағышта немесе форматта тек коммерциялық емес мақсатта таратуға, өзгертуге, бейімдеуге және оның негізінде жаңа туынды жасауға рұқсат етіледі — авторлық көрсетілген жағдайда ғана.
CC BY-NC мынадай элементтерден тұрады:
- BY: авторлық көрсетілуге тиіс. Автор(лар) тиісінше көрсетілуге және осы журналдағы түпнұсқа жарияланымға сілтемемен дәйексөзге алынуға тиіс.
- NC: жұмысты тек коммерциялық емес мақсатта пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл әрекеттер үшін журналға сілтеме көрсетілген жағдайда авторлардан немесе баспагерден рұқсат талап етілмейді.
Авторлар өз мақаласын өзге дереккөздерде (мысалы, институционалдық мұрағатта, әлеуметтік желілерде және т.б.) осы журналдағы түпнұсқа жарияланымға міндетті түрде сілтеме бере отырып тарата алады.
ҚҰПИЯЛЫЛЫҚ ШАРТТАРЫ
Авторлар туралы ақпарат (аты-жөні, аффилиациясы, байланыс деректері, атқаратын лауазымы мен ғылыми дәрежесі туралы мәліметтер, сондай-ақ халықаралық дереккөздер базаларындағы авторлар профильдерінің идентификаторларына сілтемелер) мақалада «Авторлар туралы мәліметтер» бөлімінде орналастырылады.
«Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies» журналының редакциялық алқасының мүшелері қарауға қабылданған қолжазба туралы ақпаратты ол жарияланғанға дейін тағайындалған рецензенттерден басқа үшінші тұлғаларға ашпайды. Сондай-ақ редакторлар рецензенттер туралы мәліметтерді авторларға және басқа тұлғаларға ашпайды.
Жарияланым үдерісіне қатысушылардың осы және өзге де мінез-құлық қағидалары — авторлардың, редакция қызметкерлерінің, баспагердің және рецензенттердің қағидаттары, нормалары мен мінез-құлық стандарттары — жарияланым этикасы және теріс тәжірибенің алдын алу туралы мәлімдемеге негізделген.





